АЕТИ-де өткен посткванттық криптография және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми семинар форматындағы дөңгелек үстел

2026 жылғы 15–18 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының Р.Г. Бияшев атындағы Ақпараттық қауіпсіздік зертханасында гибридті форматта «Цифрлық трансформация жағдайындағы посткванттық криптография және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында ғылыми семинар форматындағы дөңгелек үстел өтті.

Цифрлық технологиялардың, жасанды интеллекттің және кванттық есептеулердің қарқынды дамуы жағдайында ақпаратты сенімді қорғауды қамтамасыз ету қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Ғылыми қауымдастықтың ерекше назары болашақтағы кванттық компьютерлер тарапынан туындайтын қауіптерге төтеп бере алатын және мемлекеттік ақпараттық жүйелердің, цифрлық сервистердің, сондай-ақ сыни инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған криптографиялық тетіктерді әзірлеуді көздейтін перспективалы бағыт – посткванттық криптографияны дамытуға аударылуда.

Іс-шара жұмысына Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғылыми қызметкерлері және Ресей Федерациясының Оңтүстік федералдық университетінің ғалымдары – техника ғылымдарының кандидаты, доцент Евгения Александровна Ищукова мен техника ғылымдарының кандидаты, доцент Екатерина Александровна Маро қатысты.

Іс-шара барысында заманауи криптография және ақпаратты қорғау саласындағы өзекті ғылыми зерттеулерге арналған баяндамалар ұсынылып, талқыланды. Атап айтқанда:

– «Посткванттық криптографияның заманауи тәсілдері мен даму перспективалары»;

– «SAUT және LWH-128 жаңа алгоритмдерінің криптографиялық қасиеттерін зерттеу»;
– «ELMO эмуляторы негізінде криптографиялық примитивтердің энергия тұтынуын модельдеу».

Қатысушылар посткванттық криптографиялық технологиялардың дамуындағы заманауи үрдістерді, жаңа алгоритмдердің криптотұрақтылығы мен тиімділігін бағалау мәселелерін, сондай-ақ олардың цифрлық трансформация және ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптардың артуы жағдайындағы қолданылу перспективаларын талқылады.

Ғылыми баяндамалардан бөлек, іс-шара аясында PhD Алғазы Қ.Т. мен Сақан Қ.С. жетекшілігімен Ақпараттық қауіпсіздік зертханасында орындалып жатқан ғылыми және практикалық міндеттер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Кездесу барысында зерттеулердің ағымдағы нәтижелері, жобаларды дамытудың перспективалық бағыттары, сондай-ақ магистранттарды, докторанттарды және жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту мәселелері қарастырылды.

Осындай ғылыми семинарларды өткізу ғылыми тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа буынның ақпаратты қорғау құралдарын жасауға бағытталған перспективалы ғылыми зерттеулерді талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.