Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының қызметкерлері CHES 2026 халықаралық конференциясына қатысты

CHES 2026 (Cryptographic Hardware and Embedded Systems) – криптографиялық аппараттық құралдар мен ендірілген жүйелер саласындағы жетекші халықаралық ғылыми конференциялардың бірі. Халықаралық криптологиялық зерттеулер қауымдастығының (IACR) аясында ұйымдастырылатын бұл конференция криптографиялық алгоритмдерді аппараттық және бағдарламалық іске асыру, олардың қауіпсіздігін талдау және ақпаратты қорғаудың заманауи әдістерін әзірлеу саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандарды біріктіреді.

2026 жылы конференция 11–15 қазан аралығында Түркияның Анталья қаласында өтті. Іс-шара аясында криптографиялық технологияларды әзірлеу, аппараттық іске асырулардың қауіпсіздігі, жанама арналар арқылы шабуылдарды талдау және ақпаратты қорғау әдістерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының қызметкерлері конференция жұмысына қатысып, өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелерін CHES 2026 конференциясы аясында ұйымдастырылған LightSec 2026 – 7th International Workshop on Lightweight Cryptography for Security & Privacy атты ақпараттық қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз етуге арналған жеңіл криптография бойынша VII халықаралық семинарда ұсынды.

Семинар барысында «Analysis of Cryptographic Properties of the FEATHER-RX Lightweight Block Cipher» («FEATHER-RX жеңіл блоктық шифрының криптографиялық қасиеттерін талдау») атты ғылыми баяндама жасалды. ерттеу жұмысы FEATHER-RX жеңіл блоктық шифрының криптографиялық қасиеттерін талдауға, оның криптографиялық беріктігін бағалауға және есептеу ресурстары шектеулі жүйелерде қолдану мүмкіндіктерін зерттеуге арналған.

LightSec халықаралық семинары жеңіл криптография, тиімді криптографиялық іске асырулар және ресурстары шектеулі құрылғылардағы ақпаратты қорғау технологиялары бойынша ғылыми нәтижелерді талқылауға арналған маңызды ғылыми алаң болып табылады.

CHES 2026 конференциясы мен LightSec 2026 семинарына қатысу зертхана қызметкерлеріне ғылыми нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және криптография мен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Мұндай халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысу Институттың криптография және ақпараттық қауіпсіздік бағыттарындағы зерттеулерін дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық ғылыми нәтижелерді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді.