Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Ақпараттық және есептеу технологиялар институтының аға ғылыми қызметкерлері – қауымдастырылған профессор, PhD К. Алғазы және PhD Қ. Сақан Польша Республикасының Люблин техникалық университетінде өткен «WILGA-2025» халықаралық ғылыми симпозиумына қатысып, ғылыми-зерттеу жобасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша баяндама жасады.
Симпозиум барысында ғалымдар халықаралық ғылыми қауымдастық алдында жобаның ғылыми нәтижелерін ұсынып, оның қорытындыларын саралап, келешектегі зерттеу жоспарлары бойынша пікір алмасты. «Verkle ағашы мен Қалдықтар туралы Қытай теоремасына негізделген жаңа цифрлық қолтаңба схемасы» тақырыбындағы баяндама бойынша ғылыми пікірталас ұйымдастырылып, қатысушы зерттеушілермен мазмұнды талқылаулар өтті.
Сондай-ақ, симпозиум аясында Люблин техникалық университеті мен Мария Кюри-Склодовская университетінің ғылыми-зерттеу зертханалары таныстырылып, осы оқу орындарының заманауи ғылыми жетістіктері мен технологиялық шешімдерімен танысу мүмкіндігі берілді.
Мұндай ғылыми ынтымақтастықтар Қазақстанның халықаралық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі позициясын нығайтып, болашақта зияткерлік-инженерлік мәселелерді шешу мен дамытуға елеулі үлес қосады.