ҚР БҒМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК бас директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, PhD (6D070300 – Ақпараттық жүйелер мамандығы), қауымдастырылған профессор.
Мамырбаев Ө.Ж. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) Физика-математика факультетін бітірген.
2001-2002 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Информатика» мамандығы бойынша магистратурада оқып, оны бітіргеннен кейін сол университетке жұмысқа қабылданып, онда аға оқытушы болып жұмыс істеді.
2011 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ PhD докторантурасына түсті.
2012ж. бастап ҚР БҒМ ҒК Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының «Ақпараттық процестерді талдау және модельдеу» зертханасының ғылыми қызметкері лауазымында «Математикалық модельдерді, сандық әдістерді және дыбыстық және графикалық сигналдардың синхрондалған ағынын сәйкестендіру және айырып тану бағдарламалық кешендерін әзірлеу» гранттық қаржыландыру жобасында (2012-2014жж) қоса атқарған.
2014 жылдың қараша айында 6D070300 – Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Қазақ сөздерін танудың көпмодалды жүйесін құру» тақырыбында диссертация қорғады.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының ғылыми семинарларында, ҚР БҒМ Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының «Информатика және басқару проблемаларының өзекті мәселелері» ғылыми семинарында талқыланды.
Мамырбаев Ө. Ж. «Қазақстан Республикасының ақпараттандырылуына 20 жыл: статус, инновация, дамуды басқару» халықаралық конференциясына (Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ); “The 10th International Conference” халықаралық конференциясына; «Жоғары кәсіби білім берудің инновациялық дамуы: инновациялық даму» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына мәселелері мен перспективалары» (Қызылорда); «Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар: білім, ғылым, практика» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына (Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) қатысты.
Мамырбаев Ө. Ж. 70-тен астам жұмыстың авторы болып табылады, оның 29-ы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдарда, 10-ы Scopus дерекқорына кіретін нөлдік емес импакт-факторы бар басылымдарда, 9-ы РФ ЖАК ұсынған ресейлік басылымдарда, 22-сі – халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында жарияланған.