Институт қызметкерлерінің Түркия Республикасына іс сапары

2025 жылғы 15-19 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты «Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының» Р.Г.Бияшев атындағы Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының қызметкерлері Капалова Н.А., Сақан Қ.С. және Дюсенбаев Д.С. Түркия Республикасының Коджаэли қаласындағы Коджаэли Университетінде ұйымдастырылған ғылыми семинарға қатысты.

Семинар барысында Коджаэли Университетінің ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысу жүзеге асырылып және Р.Г. Бияшев атындағы ақпараттық қауіпсіздік зертханасында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланды.

Аталған ғылыми басқосу халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, жетекші шетелдік ғылыми орталықтармен тікелей байланыстар орнатуға және бірлескен зерттеу бастамаларын айқындауға мүмкіндік берді. Кездесулер барысында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заманауи ғылыми тәсілдер, криптографиялық примитивтерді әзірлеудің теориялық және қолданбалы аспектілері, сондай-ақ оларды ақпараттық қауіпсіздік жүйелеріне енгізу перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, аталған бағыттар бойынша екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Ғылыми семинарда екі тарап ғалымдары ақпараттық қауіпсіздік саласының заманауи бағыттары мен мәселелері бойынша баяндамалар жасалып, ғылыми жұмыс бойынша алынған зерттеу нәтижелері талқыға ұсынылды.

Кездесулер барысында заманауи талаптарға сай криптографиялық әдістер мен шифрлау алгоритмдері, посткванттық цифрлық қолтаңба жүйелеріне арналған отандық хеш-алгоритмдер мен торға негізделген цифрлық қолтаңба схемаларын әзірлеу, IoT-жүйелер архитектурасын жобалау, IoT-құрылғыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ машиналық оқытудың криптография саласындағы күрделі және өзекті тұстары бағыттары бойынша мәселелер мен даму перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, алынған тәжірибе мен ғылыми пікір алмасу нәтижелері криптография саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің сапасын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететіндігі айқын.