2026 жылғы 11 наурыз күні Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының бастамасымен криптографиялық эксперименттер жүргізуге арналған арнайы ғылыми-зерттеу кабинеті ресми түрде ашылды. Бұл жаңа кабинет заманауи криптографиялық зерттеулер жүргізуге, бағдарламалық және бағдарламалық-аппараттық шешімдерді сынақтан өткізуге, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелік жұмыстарды орындауға арналған.
Жаңа зерттеу кеңістігі криптография саласындағы ғылыми ізденістерді дамытуға, цифрлық қолтаңба алгоритмдерін, аутентификация және верификация әдістерін зерттеуге, сондай-ақ Интернет заттары (IoT) құрылғыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аппараттық және бағдарламалық шешімдерді тәжірибелік тұрғыдан тексеруге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, кабинеттің ашылуы Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының негізін қалаушылардың бірі әрі жетекшісі болған белгілі ғалым, профессор Рустем Гакашұлы Бияшевтің туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл символдық сәйкестік ғалымның ақпараттық қауіпсіздік пен криптография саласының дамуына қосқан ғылыми еңбегіне құрмет ретінде ерекше маңызға ие.
Жаңа кабинет ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жас зерттеушілер мен студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ криптография және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заманауи технологияларды зерттеуге арналған маңызды ғылыми алаңға айналады.
Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының ұжымы бұл бастама ғылыми қауымдастықтың дамуына, ұлттық киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және отандық криптографиялық зерттеулердің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенім білдіреді.