АЕТИ қызметкерлерінің Астана қаласына іс-сапары туралы

Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының (АЕТИ) қызметкерлері Н.А. Қапалова және К.С. Сақан Астана қаласына жұмыс сапарын жасады. Сапардың мақсаты –  ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік саласында қызмет атқаратын «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі – МТҚ) АЕТИ арасындағы ғылыми ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізу. Іс-шара 2025 жылғы 14 қарашада өтті.

Тараптар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен ғылыми-техникалық қызметті кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ақпараттық қауіпсіздік пен криптология саласында тиімділік пен сенімділікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болатын Меморандумға қол қойылды. Кездесу барысында екі ұйымның өкілдері киберқауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығы, сондай-ақ криптография саласындағы ғылыми ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сапар аясында МТҚ мамандары институт қызметкерлерін ұйым қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, мониторинг орталығына экскурсия өткізді. Экскурсия барысында мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен веб-сайттардың қорғалу деңгейін бақылау процестері, ықтимал қатерлерді анықтау, кибершабуылдарды ерте анықтау және тәуекелдерді жедел бағалау тетіктері егжей-тегжейлі көрсетілді.

Екі тарап та кездесудің ақпараттық қауіпсіздік пен криптология саласындағы ғылыми-техникалық бастамаларды дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтіп, одан әрі нәтижелі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.