kzruen

ҰЛЫ ҒАЛЫМДЫ ЕСКЕ АЛУ

Бүгін 1 наурыз, ҚР ҰҒА академигі, профессор, т.ғ.д. Еділхан Несіпханұлы Әмірғалиевтің туған күнінде, біз оны ғылымды дамытуға үлкен үлес қосқан және жаңа буын зерттеушілерін тәрбиелеуге бар күшін салған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз және ерекше тұлға  ретінде ерекше жылы лебізбен еске аламыз.

Еділхан Несіпханұлының ғылымға қосқан үлесі орасан зор. 500-ден астам ғылыми еңбектің, 8 монографияның, көптеген оқулықтар мен оқу құралдарының авторы ретінде ол интеллектуалды жүйелерді, сөйлеу технологияларын, робототехниканы және математикалық модельдеу бағыттарын дамытуға негіз болған жандардың бірі. Оның идеялары мен зерттеулері әлемдік деңгейде, отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, бейнелерді өңдеуден бастап Жерді қашықтықтан зондтауға дейінгі сан алуан салаларда қолданысын табуда.

Ұлы ұстаз және ғалым ретінде оның нағыз мұрасы — ол тәрбиелеп, қанат қақтырған шәкірттері. Оның жетекшілігімен 6 ғылым кандидаты, 14 PhD докторы ғылыми дәрежелерін сәтті қорғаса, 30-дан астам білім алушылар магистр дәрежесін алды. Ол тек білім беріп қана қоймай, әрбір шәкіртінің қабілетін ашуға, дұрыс жол көрсетуге және қолдауға барын салған ерекше ұстаз деп мақтанышпен еске аламыз. Оның тәлімгерлік қызметі шәкірттерінің, әріптестерінің және тұтас Қазақстан ғылыми қауымдастығының жүрегінде өшпес із қалдырды деп нық сеніммен айтуға болады.

Еділхан Несіпханұлы – оны жақыннан таныған әрбір жанның жүрегінде өшпес із қалдырған ерекше тұлға. Оның ғылыми семинарлардағы дәлелді баяндамалары, терең талқылаулары, әріптестер мен студенттерге деген жанашырлығы, ғылыми жаңалықтарға деген құштарлығы – мұның барлығы оны тек ұлы ғалым ғана емес, сонымен қатар, ерекше тұлғаның бойынан табылатын айрықша қасиеттерінің бірі деп түсінеміз.

Бүгін біз оны шынайы ризашылықпен, құрметтеп еске аламыз. Оның еңбектері шәкірттерінің зерттеулерінде кеңінен қолданылуда, ал есімі ғылым тарихында мәңгілікке қалады.

Еділхан Несіпханұлының жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады!