ru
ru

Қытай мен Қазақстанның экономикасы бір-бірін толықтырып отыр – сарапшы

Жеке мұрағаттан

ҚР ҰҒА академигі, профессор, техника ғылымдарының докторы, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының бас директоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановпен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарына байланысты пікірін білу мақсатында шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

El.kz:  Ғалымқайыр Мұтанұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарына ғылыми сарапшы ретінде қандай баға берер едіңіз?

Ғалымқайыр Мұтанов: Қазақстан мен Қытай ежелден қалыптасқан көрші елдер. Осы уақытқа дейін екі ел арасындағы қарымқатынас барлық салада жақсы деңгейде дамып жатыр деп айтуға болады. Президентіміздің бұл мемлекеттік сапары байланысымызды жаңа, сапалы деңгейге көтереді деп сенемін.

Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған осы жолғы сапары тарихымызда ерекше өз орнын алады деп ойлаймын. Оған негізгі себеп қазіргі кездегі халықаралық саяси ахуал, соған орай әр елдің тарапынан жасалатын саясат. Сондықтан көрші екі ел осындай жағдайда бірігіп дамудың жаңа жолдарын қарастыруы заңдылық. Өйткені халықаралық деңгейде әлем елдерінің арасында жаңа бір конфигурация қалыптасуда. Екі ел арасындағы прагматикалық көзқараста өз пайдасын көздеу арқылы қарым-қатынасты жаңа стартегиялық деңгейге көтеріп жатқанына куә болудамыз.

El.kz:  Мемлекет басшысының «аспан асты еліне» бұл жолғы сапары осыған дейін жасаған сапарларынан қандай өзгешеліктері бар және ол елімізге қандай пайда береді деп ойлайсыз?

Жалпы қазір атап айту керек, Қытай мен Қазақстанның экономикасы бір-бірін қайталамайды, керісінше бірбірін толықтырып отыратын экономика. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін екі жақты экономикада біздің тарап тек шикізат өнімдерімен ғана қамтып келеді. Сондықтан, қазір біздегі негізгі мақсат – экономикамызды әртараптандыру. Қазір біздер үшін ең маңыздысы Қытайдан ғылым мен жоғары технологиялар бағыты бойынша бірігіп жұмыс жасау. Өйткені, олар аз уақыттың ішінде өте тиімді реформалар жасау арқылы экономикасы, жоғары технологиясы дамыған қуатты мемлекетке айналды.

Осы елдегі тәжірибені біздің мамандар, саясаткерлер зерделеп, өзімізге пайдалы сабақ алуымыз қажет. Сол себепті Президентіміздің қазіргі кезде әлемдегі екінші экономикаға айналған дамыған алып елге жасап отырған мемлекеттік сапарының маңызы ерекше. Қытай елі біздің Президентті халықаралық деңгейдегі басшы, қытайтанушы, жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде жоғары бағалайды. Сол себепті екі ел арасындағы байланыс жоғары стратегиялық деңгейге көтерілетінін айтқым келеді.

El.kz:  Қателеспесем өзіңіз де ҚХР-ға осындай сапарларға бірнеше рет бардыңыз. Қытай мен біздің елдің ғылым саласындағы, оның ішінде технологиялық даму жөніндегі әріптестігі қандай деңгейде?

Ғалымқайыр Мұтанов: Қазіргі біздің мақсатымыз жаңа бағытта, білімге, ғылымға, жаңа технологияға, инновацияға негізделген экономика құру болса, Қытайдың аз уақытта тиімді реформа жасап, жаңа деңгейге көтерілу тәжірибесін тағы да зерделеуіміз қажет. Мұны мен жақсы білетінім, 2000 жылдардың басында Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры болып тұрған кезімде сол жақта жиі болып, Қытаймен өте тығыз қарымқатынаста болдық. Сонда Қытайдың дамуы көз алдымда өтті деп айта аламын.

Менің байқағаным, олар өз аумақтарында, жоғары оқу орындарының негізінде, ғылымбілімді біріктіретін технопарктер, жоғары технологиялық алқаптар жасап, сол арқылы бір кеңістікте бір уақытта білімғылым, бизнес, инновацияның басын құрастырып өте аз уақыттың ішінде жаңа экономикаға трансформация жасады. Пайдасы зор тиімді үлгіні біз өзімізге пайдалана білуіміз керек. Осындай үлгінің тиімділігін көре тұрып, біз кезінде, Өскеменде Техникалық университеттің негізінде «Алтай» технологиялық паркін құрып, «Алтай» жоғары технологиялық алқабын жасауды қолға алған болатынбыз. Бұл жобалар өзінің алғашқы жақсы нәтижесін бере бастағанын да айтуымыз керек. Сонымен қатар бұған әріптес ретінде қытайдың мамандары да біздің өнімдерге қызығушылық танытқанын айтқым келеді.

Мысалы сирек металдар бойынша, оның ішінде бериллий алудың технологиясына Қытай тарапы өте қатты қызығушылық танытты. Сол 2009 жылдары, олар осы бағытты ғылыми тұрғыдан, өндірісті дамыту жағынан енді ғана қолға ала бастаған еді. Аз уақыттың ішінде сол қытай кәсіпорыны бериллий алу бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы компания қатарына шықты. Сондықтан Қытай елі, қытай мамандары озық технологияларды өте жақсы зерделеп, өте тиімді пайдаланатынын білдік. Олар бірігіп жұмыс істеуге әрқашанда ашық, қолдан келетіндерін қашанда бөлісетіндеріне біз әлдеқашан көз жеткіздік.

El.kz:  Өз тәжірибеңіздегі Қытай елімен бірлескен жобаларға тоқтала кетсеңіз…

Ғалымқайыр Мұтанов: Иә, өзім де осы тақырыпқа келе жатыр едім. Біздер үшін өте маңызды саланың бірі – ақпараттық технологиялар. Мысалы, суперкомпьютер жасау бойынша Қытай Халық Республикасы әлемде екінші орын алады, АҚШ-тан кейін. 2015 жылы Астанада Си Цзиньпиннің біздің бірінші Президентпен кездесуі барысында қытай тарапы әлемде үздік топ-500-ге кіретін, құны 17 млн $ тұратын суперкомпьютерді бізге грант ретінде сыйға тартатын болып келісілген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі болған-ды. 2019 жылы қазіргі Президентіміз Қытайға барған сапарында нақты келісімге қол жеткізіп, біздің елге жеткізу жұмысы қолға алынған болатын. Сондай-ақ, біз Қытай Ғылым академиясымен бірлесіп, жерді қашықтан зондтау бойынша келісімге келіп, қол қойысқан болатынбыз. Олардың жер серіктері біздің аумақта да көптеген фотосуреттер түсіре алатынын барлығымыз жақсы білеміз. Сол суреттерді бірігіп ортақ мүддеге пайдалануға уағдаластыққа қол жеткіздік. Оны да ары қарай дамыту қажеттілігі қазір алда тұр деп санаймын. Сонымен қатар соңғы уақытта Қазақ Ұлттық университетіне Қытай тарапы «жасыл технология» бойынша табиғи өсімдіктерден дәрі-дәрмектер жасау үшін жабдықтар алуға жақсы көмектесті. Міне, байқап отырғандарыңыздай қытайлықтар ғылым-білім, технология саласында әрқашанда бірігіп жұмыс істеуге өте ынталы және ашық екендігін өмір өзі көрсетіп отыр.

El.kz:  Сізден реті келіп тұрғанда сұрайын дегенім, «Экономикалық жоспарлау, басқару және бюджеттеудегі математикалық әдістер мен модельдер» атты ғылыми еңбегіңіз елімізде және ТМД елдерінде алғашқы ғылыми еңбек ретінде Бейжіңде қытай тіліне аударылып жарық көргенін білеміз. Осыған тоқтала кетсеңіз.

Ғалымқайыр Мұтанов: Аспан асты елінде әлемдегі ғылыми-технологиялық жаңалықтарды қадағалау, трансферттеу өте тиімді жолға қойылған. Оларды зерделеп лезде өз қажетіне жаратып отыратын ел. Соның бір көрінісі менің «Springer» баспасынан шыққан Сіз атаған монографиямды «Amazonнан» алып, өздері қытай тіліне аудару жөнінде маған өтініш жасады. Сол еңбегімді олар Қытай Халық Республикасы ұлттық университетінің «China Renmin University Press» баспасынан басып шығарды.

Сол кітап Бейжің кітап жәрмеңкесінде ерекше аталып, «Жоғары деңгейдегі ғылыми монография» деген сертификатқа ие болды. Осы уақытта ол қытайдың «Амазон» сияқты платформасына шығып мамандарға, студенттерге, көпшілікке пайдалануға болатын жақсы жоба ретінде жүзеге асуда.

Сондықтан болашақта да осы бағытта ынтымақтастықты жалғастыратын болсақ, олардың бізден алатын мүмкіндіктері бар, біздің олардан алатын, үйренетініміз көп. Мен мұны жаңа технология бойынша айтып отырмын. Әдетте табиғат заңы бойынша әлеует жоғары деңгейден төменгі деңгейге беріледі. Осыған орай атап өту керек, ғылым-білім және технология саласында бірігіп жұмыс атқарып және де бірлескен кәсіпорындар құру арқылы біз өз деңгейімізді көтере аламыз.

Жалпы Қытайдың дамуына негіз болатын олардың менталитетін де, өмірге деген көзқарасын да біз зерттеуіміз қажет. Мысалы Си Цзиньпин өзінің халыққа Жолдауында «біз бақытқа тек қана ерен еңбекпен ғана жетеміз, кім көп еңбек етсе, жаңа дәуір соларға тиісті болады» деп үндеу жасаған болатын. Айта кететін жайт, еңбекқорлық жалпы қытай халқына тән қасиет.

Қазіргі уақытта қажырлы еңбек – Қытайдың басты идеологиясы деп айтуға болады. Ол біздің Қазақстан халқына да қажет өте маңызды идея. Сондықтан екі елдің жан-жақты қарым-қатынасы бізге өз пайдасын әкелетініне сенімдімін.

El.kz:  Сұхбатыңызға көп рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Источник