kzruen

«Математика, механика және ақпараттық технологиялар»атты Х халықаралық ғылыми конференция

Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты 2025 жылдың 20-26 қыркүйек аралығында  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен  «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырушылардың бірі ретінде атсалысты.

Конференцияға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Ресей, Португалия, Пәкістан, Әзірбайжан, Литва, Грузия және басқа да елдердің көрнекті ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Алқалы жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, цифрлық технологияның маңызына тоқтала келіп университеттің ғылыми орталықтары атқарып жатқан зерттеу жұмыстарымен таныстырды.

Сонымен қатар ашылу салтанатында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ҰҒА академигі Айдархан Қалтаев, Ресей ҒА корреспондент-мүшесі Сергей Кабанихин сөз сөйлеп, математика мен механиканың іргелі мәселелері жайлы пікірлерін білдірді.

Үш күнге созылған халықаралық жиын аясында әлемдік деңгейдегі ғалымдардың қатысуымен пленарлық мәжілістер; математика, механика, IT салалары бойынша секциялық отырыстар; жас зерттеушілер өз жобаларын ұсынатын стендтік сессиялар; «Ғылым мен инженериядағы жасанды интеллект: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел және басқа да шаралар іске асырылды.

Конференция барысында ҚР және РФ Ұлттық ғылым академияларының академиктері, Питтсбург университеті, Падуя университеті, Лондон университеті (Queen Mary), Назарбаев университеті және өзге де жетекші ғылыми орталықтардың профессорлары баяндама жасады. Басқосуда математика мен механиканың іргелі және қолданбалы мәселелері, робототехника, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы соңғы жетістіктер талқыланды.