Еуразия ұлттық университетінде I Республикалық «Жас ғалымдар» форумы өтті, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас ғалымдар жиналды.
Форум барысында қатысушылар мемлекет тарапынан қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді, соның ішінде жас ғалымдарға қолдау көрсетуді талқылады. Сонымен қатар, форумға қатысушылар еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту және ғылыми қауымдастықтарды ілгерілету жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, жаһандық ғылыми желіге интеграциялану идеяларын талқылап, өзекті мәселелердің ғылыми тұрғыдан шешу жолдарын айтты.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, ғылыми қауымды бір-бірін қолдауға шақырды.
«Қазір бізге практикалық идеялар мен жобалар, мықты командалар қажет.Бүгінгі таңда пәнаралық зерттеулердің әлеуеті де, тиімділігі де бар.
Сіздер бізге қатты керексіздер, біз сіздерді барынша қолдаймыз. Мүмкіндіктерді пайдаланыңыз. Бізге жаңа жобалар мен жаңа есімдер керек. Өскелең ұрпақ саған қарап бой түзейді. Бір қуантарлығы, қазір 25,5 мың ғалымның 46 пайызы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Егер армандарыңыз берік және шынайы болса, сіз табысқа жетесіз», – деді министр жас ғалымдарға сөйлеген сөзінде.