Ақпартық және есептеу технологиялары Институты  Конгресс аясында ұйымдастырылған алты халықаралық ғылыми конференцияның бірі, «Кері және қисынды емес есептер: теория, қолданыстар және жасанды интеллект» атты халықаралық конференциясын жоғары ғылыми деңгейде ұйымдастырып, жүргізді

2026 жылдың  сәуір айының  3-7 күндері Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университет базасында Қазақстан математиктерінің Бірінші конгресі өтті. Конгреске математика, механика және ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші ғалымдар, зерттеушілер, шетелдік сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері қатысып, жалпы 500-ге жуық математик бір алаңға жиналды.

Ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөзінде «Қазір біз математика туралы қалыптасқан түсінік түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде тұрмыз. Бұрын ол «ғылымның бір саласы» ретінде қабылданса, бүгінде экономикаға, технологияға және мемлекеттік басқаруға әсер ететін шешімдердің негізіне айналды. Үлкен деректер, жасанды интеллект, цифрлық егіздер, болжамдық модельдер – мұның барлығы, түптеп келгенде, математикаға сүйенеді. Әлемде бұл үрдісті әлдеқашан түсініп, қабылдап қойды. Фокус та біртіндеп өзгеріп келеді: енді тек ЖИ-ді қолдану емес, оның қалай жұмыс істейтінін терең түсіну маңызды, – деп ашса, Түркі әлемінің математикалық қоғамының және Қазақстандық математикалық қоғамының президенті, академик Бақытжан Жұмағұлов конгресте математика ғылымын дамыту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және жоғары оқу орындары мен мектептердегі білім беру бағдарламаларын заман талабына сай жаңарту мәселелерін талқылайтындығын атап өтті, М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма-Төрағасы Дархан Ахмед-Заки университеттің соңғы жылдардағы жетістіктері, халықаралық ынтымақтастықтағы серіктестіктер, «AI-Sana» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар және жасанды интеллект саласындағы инновациялық бастамалар туралы баяндама жасады.

Ақпартық және есептеу технологиялары Институты  Конгресс аясында ұйымдастырылған алты халықаралық ғылыми конференцияның бірі, «Кері және қисынды емес есептер: теория, қолданыстар және жасанды интеллект» атты халықаралық конференциясын жоғары ғылыми деңгейде ұйымдастырып, жүргізді. Конференция жаратылыстанудағы кері және қисынды емес есептер, жасанды интеллект, биомедицина, қаржы және экономика салаларында жұмыс істейтін танымал ғалымдар мен жас зерттеушілерді біріктіріп, тәжірибе алмасу, кері есептерді сандық әдістермен шешудің жаңа нәтижелері мен даму үрдістерін және олардың практикадағы қолданылуын талқылау мақсатында өтті. Пленарлық отырыстардың модераторлары Халықаралық ғылыми конференцияның бағдарламалық комитетінің тең төрағалары, Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор С.И. Кабанихин және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор М.А. Бектемесов болды.

Конференция бағдарламасына барлығы 70 аса баяндама енгізіліп, оның ішінде 16 пленарлық баяндама жасалды. Іс-шараға Самарканд, Термез, Ташкент, Ош, Новосибирск, Сочи, Екатеринбург, Баку, Будапешт қалаларынан келген ғалымдар  кең көлемде, атап айтсақ Түркия, Ресей, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан тағы да басқа елдерден келіп белесенді қатысты. Қазақстанның Алматы, Астана, Семей, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Арқалық қалаларынан ғалымдар қатысты. Жалпы алғанда, пленарлық және секциялық бөлімде жасалған жаңа ғылыми баяндамалар кері және қисынды емес есептердің теориясы, қолданыстары және жасанды интеллекттің кең қолдануы жайында жаңалықтары конференцияның жоғары ұйымдастырушылық деңгейін және қатысушылардың белсенділігін көрсетті.