әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттарының ғылыми тағылымдамасы

2026 жылғы 3–20 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистратурасының «7M05402 – Математика» және «7M05408 – Есептеу ғылымдары және статистика» білім беру бағдарламаларының 2-курс магистранттары Ақпараттық және есептеу технологиялары институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама институттың Бас директоры, ҚР ҰИА академигі, профессор Бектемесов Мактагали Абдимажитовичтің жетекшілігімен ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, заманауи есептеу технологияларын зерделеу, сондай-ақ теориялық білім мен практикалық дағдылардың өзара байланысын нығайту.

Тағылымдама аясында магистранттар институттың қалыптасу тарихын, миссиясын, құрылымдық бөлімшелерін, Ғылыми кеңестің қызметін және негізгі ғылыми-зерттеу бағыттарын жан-жақты зерделеді. Сонымен қатар, Орталық ғылыми кітапханада жұмыс жүргізіп, негізгі және сирек қорлармен, қолжазбалармен, электронды ресурстармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, шетелдік ғылыми журналдарға талдау жүргізді.

Ғылыми жұмыс бағыты бойынша магистранттар өз зерттеу тақырыптары бойынша алынған нәтижелерге талдау жүргізіп, олардың ғылыми негізділігін бағалады. Зерттеу нәтижелері ғылыми жарияланымдармен салыстырылып, магистрлік диссертация жұмыстары академиялық талаптарға сәйкес жетілдірілді.

Тағылымдаманың маңызды кезеңдерінің бірі – профессор Бияшев Рустем Гакашевич атындағы ақпараттық қауіпсіздік зертханасының жаңа ғылыми-зерттеу кабинетінің қызметін зерделеу болды. Магистранттар криптографиялық эксперименттер жүргізуге арналған заманауи бағдарламалық және аппараттық құралдардың жұмыс істеу қағидаларын қарастырып, цифрлық қолтаңба алгоритмдері, аутентификация және верификация әдістері, сондай-ақ Интернет заттары (IoT) құрылғыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарының ерекшеліктерін айқындады.

Қазақстандық сәулетші Сакен Жомартович Нарыновтың «Көпқырлы» атты шеберханасының қызметімен танысу жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында қазіргі ғылыми-техникалық жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарын жетілдіруге бағытталған инженерлік шешімдер мен болат өндірісіне арналған құю қалыптарын автоматтандырылған түрде жобалау мәселелері қарастырылды.

Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект пен фотограмметрия әдістеріне негізделген алгоритм әзірлеу арқылы күрделі құю қалыптарын жасау процесін жетілдіру. Бұл тәсіл өндірістік процесті оңтайландыруға, дайындық уақытын қысқартуға және дайын өнімнің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Озық технологияларды қолдану жобалау және өндіріс кезеңдерін жеңілдетіп, күрделі геометриялық пішіндерді тиімді әрі дәл орындауға жағдай жасайды.

Магистранттар институттың жоғары өнімді суперкомпьютерінің жұмыс істеу принциптерін зерделеп, оның ғылыми есептеулерді орындаудағы мүмкіндіктері туралы мәлімет алды. Суперкомпьютердің жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу және ғылыми модельдеу салаларында қолданылуы көрсетілді.

Жалпы алғанда, магистранттардың ғылыми тағылымдамасы кәсіби құзыреттілікті арттыруға, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға және заманауи технологияларды меңгеруге бағытталған тиімді алаң болды. Алынған білім мен тәжірибе болашақта ғылыми зерттеулерді сапалы жүргізуге және оларды қолданбалы бағытта дамытуға негіз бола алады.