Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ақпараттық және есептеу технологиялар институты арасындағы ынтымақтастық аясында білім алушылардың ғылыми тағылымдамадан өтуіне бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы келісім негізінде Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің «7М06301 – Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» және «7М06302 – Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» білім беру бағдарламалары бойынша 2-курс магистранттары 2026 жылғы 30 наурыз бен 11 сәуір аралығында аталған институттың Р.Г. Бияшев атындағы ақпараттық қауіпсіздік зертханасы базасында ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама аясында магистранттарға ақпараттық қауіпсіздік пен криптологияның заманауи бағыттарын қамтитын кешенді ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, криптография саласындағы іргелі және қолданбалы мәселелерге арналған семинарларда шифрлау алгоритмдерінің теориялық негіздері, олардың криптотұрақтылығы мен тиімділігін бағалау әдістері, сондай-ақ посткванттық криптографияның перспективалық тәсілдері қарастырылды. Тағылымдама барысында магистранттар ақпараттық қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеу механизмдерін тәжірибелік тұрғыда зерттеп, криптографиялық протоколдарды модельдеу, олардың осал тұстарын талдау және шабуылдарға төзімділігін бағалау бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді.
Сонымен қатар, деректердің тұтастығын, құпиялылығын және қолжетімділігін қамтамасыз ететін заманауи әдістер, соның ішінде аутентификация және авторизация механизмдері, цифрлық қолтаңба алгоритмдері мен хэш-функциялар кеңінен талданды. Пікірталас форматындағы ғылыми кездесулерде ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, кибершабуылдардың жаңа түрлері, әлеуметтік инженерия факторлары және олармен байланысты тәуекелдер жан-жақты қарастырылды. Бұл талқылаулар магистранттардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, ғылыми пайымдау мәдениетін қалыптастыруға және күрделі қауіпсіздік мәселелерін кешенді тұрғыдан талдай білу дағдыларын нығайтуға бағытталды. Тағылымдама барысында білім алушылар криптография және ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы өзекті ғылыми бағыттар бойынша дербес зерттеулер жүргізуге қатысып, ғылыми мәселелерді қою, гипотеза қалыптастыру, эксперименттік талдау жүргізу және алынған нәтижелерді интерпретациялау дағдыларын дамытады.
Қорытындылай келе, аталған тағылымдама магистранттардың теориялық білімдерін тереңдетіп қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеу қызметіне жүйелі түрде тартылуына және зерттеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл үрдіс жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін ашып, оларды инновациялық жобаларға тартуға, ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік деңгейдегі ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруға негіз болады. Нәтижесінде, тағылымдама магистранттардың жоғары білікті, бәсекеге қабілетті әрі ғылыми-зерттеу қызметіне бейім маман ретінде қалыптасуына маңызды алғышарт қалыптастырады.