АжЕТ институтының жас ғалымдары мен докторанттары Республика күні мен ҚР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығына арналған дөңгелек үстелге қатысты

29 қараша 2025 жылы Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының жас зерттеушілері мен докторанттары «Қазақстандағы жас ғалым: мүмкіндіктер, кедергілер және жарияланымдарға мотивация» атты дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара Республика күні мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жиын Экономика институтында өтіп, түрлі бағыттағы жас ғалымдарды біріктірді. Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасындағы ғылымды дамыту мүмкіндіктерін, жарияланымдық белсенділікті арттыру жолдарын, сондай-ақ заманауи цифрлық және жасанды интеллект құралдарының ғылыми жұмыстағы рөлін талқылау болды.

Қатысушылар практикалық бағыттағы бірнеше баяндама тыңдап, оларды талқылады. Экономика институтының спикерлері деректерді талдау, ғылыми мәтіндерді интерпретациялау және зерттеу үдерісін қолдауға арналған интеллектуалды құралдарды таныстырды. Сонымен қатар интерактивті практикум өткізіліп, оның барысында қатысушылар бірге зерттеу моделін құрып, зерттеу сұрақтары мен гипотезаларын әзірледі.

Біздің институттың жас ғалымдары пікірталасқа белсенді қатысып, гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады, сондай-ақ өз ғылыми бағыты мен әзірлеген құралдары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде ғылыми ортаны дамыту және институттар арасында коллаборативті желі құру идеялары талқыланды. Жас зерттеушілерді қолдау, мотивацияны арттыру және ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар әзірленді.